Жаңалықтар

Оқушының өліміне кім кінәлі?

Брифинг

Ақтөбе қаласында жедел жәрдем уақытында көрсетілмей көз жұмған жеті жастағы оқушы қыздың өліміне байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан тәуелсіз комиссия құрылды. Бұл туралы брифингте басқарма басшысының орынбасары Светлана Есенаманова мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, оқиға орын алғаннан кейін басқарма тарапынан Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне тәуелсіз комиссия құруға ұсыныс берілген. Қазір әлеуметтік желі арқылы таралған бейнематериал тексеріліп жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқушы қыздың өлімін дер кезінде білмеді. Кеше арнайы комиссия құрылды. Баланың ата-анасы, жедел жәрдем бригадасы, емхана дәрігерлері, мектеп медбикесі, яғни барлығымен сөйлестік, мәселенің мән-жайын білдік. Науқасқа жедел жәрдем бригадасы 49 минут кешігіп барған. Бұған екі жағдай себеп болған. Біріншісі, ата-ана «қызуы жоғары» деп хабарлаған кезде, қоңырауды қабылдаған диспетчер нақты көрсетіп, жазбаған, яғни «қызу өте жоғары» деп көрсетпеген. Сондықтан қабылдау өзге санатқа өтіп кеткен. Екіншісі —  айтылған мекенжай дұрыс болмаған. «Нұр Ақтөбе» ауданы №4 деп көрсетілген. Бригада нақты мекенжайға барғанша уақыт жоғалтып алған, — деді Светлана Есенаманова.

Қазір жұмысына салғырт қараған диспетчер мен дөрекілік танытқан, этиканы бұзған бригада дәрігері жұмыстан уақытша шеттетілген. Басқарма басшысының орынбасары құжаттардың барлығы сот пен  прокуратураға жолданатынын, содан кейін барып қана сот шешімі бойынша жаза қолданылатынын айтты.

Оқиға былай болады. Дәрігер барған кезде бала ес-түссіз жатқан. Қол-аяғы мұздап, басы солға бұрылып қалған. Анасы алғашқы көмек көрсетуге тырысып, тілін шығару үшін ағаш қасықты пайдаланған. Бірақ нәтиже болмапты. Ал жедел жәрдем келген кезде бәрі кеш еді. Себебі баланың жаны шығып кеткен. Алдын ала қорытынды бойынша, бала жоғары қызу мен аяқ-қолының құрысуынан, тілін ішке тартып қойғаннан көз жұмған.

Светлана Есенаманованың айтуынша, оқушы бұған дейін қандай да бір аурумен есепте тұрмаған. Медициналық тексерулер кезінде денсаулығынан кінәрат табылмаған.

Басқарма басшысының орынбасары журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мәселен, «жедел жәрдем көлігі кешіккен кезде, ата-ана баланы өз көлігімен жақын маңдағы ауруханаға апарған жағдайда, олар қабылдай ма» деген сауалға, қабылдайтынын, дәрігердің науқас баланы кері қайтарып жіберуге құқы жоқ екенін, көмек көрсетуге міндетті екенін айтты.

Жалпы Ақтөбе қаласында бұндай бала өлімі осымен екінші рет тіркеліп отыр. Бұған дейін қала мектептерінің бірінде оқушы бала аяқ астынан көз жұмған болатын. Ол кезде жедел жәрдем дер кезінде келгенімен, көмектесу мүмкін болмаған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button